ДІНТАНУ ҒЫЛЫМЫНЫҢ ДАМУЫ
ДІНТАНУ ҒЫЛЫМЫНЫҢ ДАМУЫ

ДІНТАНУ ҒЫЛЫМЫНЫҢ ДАМУЫ

Қазақстан Республикасы тәуелсіздікке қол жеткізгелі бері тек саяси, экономикалық бағытта ғана емес, ғылыми тұрғыдан да даму үрдісінде келе жатыр. Елбасымыз Н.Ә. Назарбаев: «Бұл заман білекке сенетін емес, білімге сенетін заман. Заманауи әлемде елдің қуаты, ең алдымен азаматтарының білімімен өлшенеді» – деп атап өткендей елімізде білім мен ғылымның өркендеуі мемлекеттік деңгейде жолға қойылған. Осы орайда, дінтану ғылымның да даму үстінде екенін атап өткен жөн.

Дін – күрделі құрылым. Дін мәселесі – өте өзекті тақырып. Әсіресе, оңы мен солын әлі жете танып-білмеген өрімдей жастардың діни көзқарасы мен дінтанулық білімін жетілдіру, оларға салихалы әрі салмақты түсінік беру дінтану саласының мамандарының еншісіндегі жауапты іс.

Дінтану – әр түрлі діндердің пайда болуын, дамуын, қызмет ету заңдылығын, оның құрылымы мен түрлі компоненттерін, көпқырлы феномендерін, қоғамда алатын орнын, діндер мен мәдениеттің салаларымен өзара байланысы мен өзара әрекеттестігін зерттейтін ғылым.

Кез келген ғылым даму сатысында өз тарихына үңіледі. Дінтану ғылымы да бұл ерекшеліктерден тысқары қалмаған. Әрбір ғылым өз тарихынан ажырамауы керек, бұл зерттеушілерге пікір мен ақпараттар алмасуға мүмкіндіктер береді. Кейбір зерттеушілер дінтану ғылымы қазіргі кезеңдегі өзекті сұрақтарға жауап бере алмайды деп санаса, кейбір ғылымдар бұл пікірмен мүлде келсіпейтінін білдіреді.

Дінтанудың дамуындағы маңызды кезең діни жүйенің өзі болып саналды. Полемикалық діни ілімнің дамуы христиан және ислам дін ілімдері аясында ауқымды база қалыптастырды. Діни конфессиялардың өз ілімдерін тарату бағытындағы іс-әрекеттері болашақ әдістер мен құралдардың негіздерін қалыптастырды. Көптеген католик және мұсылман дін қызметкерлері күнделіктер жүргізіп, атқарған жұмыстарының есебін жасады, аймақ тұрғындарының тұрмыс-тіршілігі, мәдениеті мен дін ұстану ерекшеліктеріне бақылау жасады. Бұл тәжірибе дінтану ғылымында, әсіресе, антропологиялық діндерде бүгінгі күнге дейін қолданысқа ие болып келеді.

Дінтану ғылымында адамның діни өмірі басты назарға ие. Оны зерттеу секулярлық дәуір феномендерін (жаратылыстану ғылымында қарастырылатын құбылыс немесе оқиға феномен ретінде түсіндіріледі) қарастыру жолдарын осы кезеңде қайта пайымдауды талап ететін белгілі бір қиындықтар тудырады. Діни сенім діндердің өз ішінде түрлі ағымдардың араласуына алып келетін трансформацияға ұшырайды, осы секілді діндер үшін  қаржы мәселесі бірінші орынға шығады. Бұл діни ахуалға талдау жасауда, оны болжауда жекелеген қиындықтардың тууына негіз болады.

Дінтану саласында болашақ елеулі серпілістерді феноменологиямен, герменевтикамен, әлеуметтанумен, діндер антропологиясымен байланыстырады. Бұл ғылым салалары қазіргі шынайы өмір арқылы нақты феномендерді мейлінше тереңірек тануға мүмкіндік беретін бағыттар ретінде дінтану саласында өзіндік маңызға ие. Дінтану өзінің ғылыми теорияларын қалыптастыру барысында әлемдік біртұтас құбылыстардан алшақ кете алмайды. Дінтану ғылымы әрбір діни жүйенің зерттеуге күрделі феномен екендігін мойындауы қажет. Бұл әлеуметтік өмірдің ғылыми объективтілігін түсінуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ, дінтану ғылымы зерттеу тақырыбын тарихи-мәдени тұрғыдан қарастыруға мүмкіндік беретін қолжазба, кітап, мәтін түріндегі нақты материалдарды қолданудың маңыздылығын назарға алуды талап етеді.

www.kaznu.kz

 

Утебаева Д.С.                                                         

 

әл-Фараби атындағы ҚазҰУ,

 

Философия және саясаттану факультеті

 

Дінтану және мәдениеттану кафедасы

 

Аға оқытушы, PhD

 

 

 

 

Жұбанышов А.Ш.                                           

 

әл-Фараби атындағы ҚазҰУ,

 

«Дінтану» мамандығының магистранты

Ақниет ЖұбанышовАқниет Жұбанышов
5 жыл бұрын 8435
0 пікір
Блог туралы